28 сәуір, жексенбі күні, Қазақстан астанасында көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. Оттан жеті жасар ұл бала, бес жасар егіз қыздар және екі жасар тағы бір қыз құтқарылды.
Думан Мұқышев – «ГРУПП Четыре» ЖШС күзет компаниясының қызметкері және 49 жастағы әскери зейнеткер.
Жексенбі күні таңертең оны әйелі оятып, көрші пәтерден түтін шыққанын айтты.
«Біздің үй көпқабатты, біз үшінші қабатта тұрамыз, ал пәтер бесінші қабатта өртеніп жатты. Киініп, жоғары көтерілдім, сол жерде бір көрші әйелге көмектесіп жатыр екен. Пәтердің есігі ашық, ішінен қою түтін шығып жатты. Әйел қатты жөтеліп, құсып, әрең сөйлеп тұрды – “балалар, балалар” деді», – дейді Мұқышев.
«Сосын сыртқа шығып, көршілерден дымқыл сүлгі сұрадым, онымен оранып, еңбектеп кірдім, телефонның шамын қосып алдым. Бөлмеде бұрышта ақ жейде киген кішкентай қызды көрдім, көтеріп алып шықтым», – деп есіне алды ол.
Әйелдің айтуынша, ішінде тағы балалар қалған. Мұқышевтың өзі түтінге қатты уланып қалған еді, өйткені сүлгі противогаз емес. Ол жас көршіге нұсқау беріп, оған да дымқыл сүлгі беріп, ол егіздерді алып шықты, олардың бірі ес-түссіз жатқан.
«Төртінші бала еш жерде көрінбеді, бірақ адамдар жанып жатқан пәтердің терезесінде біреу тұрғанын айтты. Сол кезде тағы бір көрші ішке кіріп, оны шығарып алды. Осы уақытта жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер келіп, балаларды және әйелді ауруханаға алып кетті», – дейді Мұқышев.
Әріптестері оның бұл ерлігі жайлы бірден білмеген. Мұқышев өте қарапайым адам болғандықтан, тек жаңалықтарда шыққан соң, жұмыста талқылаған кезде ғана болған жағдайды айтып берді.
«Мен бұрынғы әскери ретінде саспадым, дымқыл сүлгі мен басқа шараларды есіме түсірдім. Өзім жайлы ойламадым. Ең бастысы – бәрін құтқара алдық. Балалар пәтерде ұзақ болған жоқ, бірақ қатты уланды. Қыздардың бірі сейсенбі күні жансақтау бөлімінде болды. Қалғандары да әлі ауруханада жатыр», – дейді Думан.
Дереккөз: https://sptnkne.ws/mzgz